Жаңалықтар

Мектептегі тамақтануды енді бейнеидентификация арқылы есепке алуға болады

Оқушылардың тегін тамақ алуы енді жылдамырақ, ашық әрі қауіпсіз рәсімделеді. Қазақстандық ІТ-компания BTS Digital мектеп асханаларында тамақтануды есепке алу жүйесін жаңартып, оны ҚР Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсеноваға таныстырды. Жоба көпшілікке таныс «Әлеуметтік әмиян» мобильді қосымшасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Ол қалай жұмыс істейді

Egov.kz порталында қолжетімді «Әлеуметтік әмиян» қосымшасы мектептерге тегін түскі асты тіркеуге көмектеседі: оқушы QR-кодты телефон экранында немесе қағазда көрсетеді, асхана қызметкері оны сканерлейді, жүйе бір батырмамен тамақ алынғанын растайды. Мәліметтер бірден электрондық жүйеге түседі – бұл жүйені мектеп те, уәкілетті органдар да көре алады. Қағазбастылық жоқ, қосарлы есепке алу қаупі де жоқ.

Жаңа не бар?

Жүйеге енді видеоидентификация функциясы қосылды. Пилоттық жоба Астанадағы №12 мектепте іске қосылып, ондағы жұмыс барысын Тамара Дүйсенова көзбен көрді.

Оқушылар асханаға сынып жетекшілерімен бірге келеді. Мұғалім жүйеге кіргеннен кейін экранда сол сыныптың тізімі пайда болады. Балалардың бет-әлпеті камера арқылы сканерленіп, сәйкестік расталса - жасыл белгі жанады. Процедура бір минутқа да жетпейді. Сәйкестендірілген соң деректер жүйеге түседі - түскі ас есепке алынады.

Жүйенің артықшылықтары қандай

  • Жылдам – оқушылар асханаға тез әрі кедергісіз кіреді.
  • Қауіпсіз – бейнематериалдар сақталмайды, бәрі нақты уақыт режимінде өтеді.
  • Қарапайым – мектепке қосымша техника сатып алудың қажеті жоқ.

Нәтижелі – алғашқы аптада күніне 160-қа дейін сәйкестендіру жүргізілсе, келесі аптада бұл көрсеткіш 210-нан асты (жалпы саны – 247 оқушы).
«Біздің мақсатымыз – мектеп, ата-ана және мемлекет арасындағы байланысты жеңілдету, бұл үдерісті барынша ашық әрі қолайлы ету. Біз көпшілікке таныс цифрлық құралдарды пайдаланып, бәрін қарапайым әрі арзан етіп жасаудамыз», – дейді BTS Digital компаниясының бас директоры Нұртай Әбілғалиев.
Тамара Дүйсенова жүйенің тиімділігін атап өтіп, оның білім беру саласына берер нақты пайдасын және әлеуметтік бағыттағы цифрлық жобалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

BTS Digital компаниясы жүйеге басқа мектептерді де қосуды және жергілікті қызметкерлерді оқытуды бастауға дайын.