Жаңалықтар

Қазақстандық бизнес жасанды интеллектіге дайын ба?

Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлер конференциясы аясында қазақстандық бизнестің жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолдануға дайындығына арналған панельдік сессия өтті.

Аталған сессияның спикерлерінің бірі BTS Digital-дың бас директоры Нұртай Әбілғалиев болды. Freedom Holding, Beeline секілді ірі компаниялардың және ЦДИАӨМ өкілдерімен қатар, ол KPMG Кавказ және ОА басқарушы серіктесі және бас директоры Сәкен Жұмашевтің модераторлығымен өткен мазмұнды пікірталасқа қатысты.

Фото ұйымдастырушылардың рұқсатымен "Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлер конференциясы"

Нұртай Әбілғалиев өз сөзінде жасанды интеллект елде енді ғана өрістей бастады деген кең таралған пікірге қарамастан, аталмыш технологияның талай уақыттан бері қазақстандық өмірдің бел ортасында жүргенін айтты.

“Көпшілігіміз қазірдің өзінде ЖИ құралдарымен жұмыс істеп жүргенімізді байқамаймыз. Мәселен, бизнес-процестерді автоматтандыру жүйелері, үлкен деректерді пайдалана отырып сатылымды болжау, тіпті маркетингтік науқандардағы зияткерлік алгоритмдер – осының барлығы ЖИ“, - деп атап өтті спикер.

Спикер сонымен қатар Қазақстанда ЖИ дамыту үшін бірлесе әрекет етудің маңыздылығына тоқталды. “Қазақстанда жасанды интеллектіні одан әрі дамыту қажет, алайда жекелей алғанда бизнес немесе мемлекет оны толыққанды жүзеге асыра алмайды. Біз ел ретінде жұмылып, тұрақты жүйені бірге құруымыз керек“, - деп баяндамашы табысқа жетудің басты факторы ретінде нарықтың барша қатысушыларының бірлескен іс-қимылын назарға алды.