Жаңалықтар

Aitu және өз AI технологиялары: жергілікті жасанды интеллекттің дамуы

Жасанды интеллект цифрлық платформалар арасындағы бәсекенің жаңа нүктесіне айналып келеді. Aitu үшін AI-ды дамыту — жай эксперимент емес, стратегиялық бағыт. Соңғы айларда платформа өз AI-ассистенттерінің желісін іске қосып, кеңейтті және сөйлеуді тану технологиясын енгізді.
Негізгі өнімдік жаңартулардың бірі - қосымша ішінде AI-ассистенттермен қарым-қатынастың жаңа форматының іске қосылуы. Ол жасанды интеллектпен өзара әрекеттесудің кеңейтілген сценарийлерін ұсынады: мәтінді ағынды түрде генерациялау, жауапты тоқтату мүмкіндігі, дауыстық байланыс және подсказкалар жүйесі. Бұл күнделікті қарым-қатынас үшін өте ыңғайлы формат.

Соңғы жаңалықтардың бірі - Aitu AI-ассистенттерімен бір уақытта бірнеше диалог жүргізу мүмкіндігі. Яғни енді бір ассистентпен әртүрлі тақырыпта қатар сөйлесуге болады: жұмыс, идеялар, мәтіндер немесе кез келген басқа сұрақтар. Диалог атаулары AI арқылы автоматты түрде жасалады, қажет болса оларды өзгертуге немесе қажетсіздерін өшіруге болады.

Пайдаланушылар сауалнамасының нәтижесінде платформа AI-ассистенттер санын 18 бағытқа дейін кеңейтті. Олар қазірдің өзінде түрлі міндеттерді шешуге көмектесуде — мектеп тапсырмаларынан бастап жеке фитнес-жаттығулар құруға немесе тіл үйрену бағдарламаларын жасауға дейін.

Сонымен қатар, орыс және қазақ тілдерінде жұмыс істейтін меншікті STT (Speech-to-Text) сөйлеуді тану жүйесі дамытылды. Әзірлеушілер транскрипциядағы қателік деңгейінің төмен екенін атап өтеді — бұл дауыстық сценарийлер үшін аса маңызды көрсеткіш. Қазіргі кезеңде жүйе дайын аудиожазбаларды офлайн режимде өңдейді, алайда команда нақты уақыт режимінде, яғни сөйлесу барысында бірден мәтінге айналдыратын жедел транскрипция технологиясын енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр.

«Біз үшін жасанды интеллект технологияларының жергілікті контексті - тіл, мәдениет және пайдаланушы әдеттері ескеріле отырып дамуы өте маңызды. Меншікті сөйлеу моделі - ел ішінде тәуелсіз AI-экожүйені қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», — деп атап өтті BTS Digital компаниясы.

Aitu-дағы AI бағытының дамуы жалпы трендке сай келеді - цифрлық платформалардың қарапайым байланыс сервистерінен күнделікті міндеттерді шешуге көмектесетін интеллектуалды ортаға айналуы.

Aitu-да атап өткендей, басты мақсат — тек жаһандық технологияларды енгізу емес, сонымен қатар аудиторияның нақты сұранысына бейімделген өз шешімдерін жасау.